әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламалары құрайды. Солардың ішінде мемлекеттік реттеудің объектісі
болуы тиіс басым стратегиялық мәселелер баршылық. Олардың негізгілерін атап көрсетейік:1. Экономиканы дамытудың жаңа концепциясы адам факторын алдыңғы қатарға шығарады. Адами әлеуетті қалыптастыру ұзақ мерзімді стратегия болып табылады. «Адами дамытуды қаржыландыру ұзақ мерзімді инвестициялардың ең тиімдісі екендігін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Бұл стратегияны жүзеге асыру Қазақстанның демографиялық дамуымен тікелей байланысты. ҚР Президентінің 2015 жылға қарай Қазақстан халқының санын 20 миллион адамға жеткізу туралы бастамасы адам факторының ұлттық экономиканы дамытудың негізгі ұстанымдарының біріне айналғандығының айғағы болып табылады.
2. Экономикалық өсу – ол ғылыми-техникалық прогресс, инновациялар (жаңалықтар), өндірістің негізгі факторларының ғылыми сыйымдылығын арттыру. Дамыған елдердегі жаңа технологияларға енгізілген жаңалықтар үлесіне ішкі жиынтық өнім (і. ж. ө.) өсімінің 70 тен 85% дейінгісі тиетін көрінеді. XXI ғасыр ғылым мен жоғары технологиялардың, қатаң халықаралық технологиялық бәсекелестік ғасыры болмақ. Әлемдік рыноктағы ғылыми сыйымды өнімдегі өнеркәсібі дамыған жеті елдің үлесі 80-90% болып отыр және сол өнімдердің экспорты да өсіп өркендеген мемлекеттердің құзырында қалған жайы бар. Ал, Қазақстанның ғылымды қажетсінетін өнімдегі үлесі жоққа тән. Еліміздің индустриялық инновациялық даму стратегиясына сәйкес, сондай-ақ өндірістік және шикізаттық базасы мен кәсіби деңгейі өсу үстіндегі кадрлардың болуын ескере отырып, әлемдік деңгейдегі, яғни бәсекеге қабілетті өнімдерді өндіру біз үшін де жақын болашақтың ісі болуы тиіс.